Өмірбаян

Шахмардан Есенов 1927 жылғы 5 тамызда Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақстанның көрнекті ғылыми және саяси қайраткері, 1961 - 1967 және 1974 - 1976 жылдар аралығында ҚазКСР Геология министрі, ҚазКСР Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары (1965), геолог, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның атағын, марапаттары мен наградаларын және ғылыми еңбектерін толық тізіп шығу мүмкін емес. Өз заманында ол геология ғылымы мен геологиялық қызметтің дамуына, Қазақстан Ғылым академиясының қалыптасуына орасан зор үлесін қосты. Ол әлемдегі ең ірі –Жезқазған өңіріндегі және Маңғыстау облысындағы (Өзен, Жетібай т.б.) пайдалы жер асты қазбаларына толы кен орындарын алғаш ашып, игерушілердің бірі болды. 

 

1944 жылы Ш. Есенов Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсті (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті). «Қазақ тау-кен металлургия институты геологиялық барлау факультетінің енді ғана студенті атанған жас қыз-жігіттердің арасынан сұңғақ бойлы, пішінді, әдемі, ашық-жарқындығымен, бір көргеннен тартымдылығымен біреу ерекшеленіп тұратын. Бұл Шахмардан Есенов болатын. Майдан шебінен мүгедек болып оралған, әлгі жастардың арасында әлдеқайда ересек көрінетін маған ол ерекше ұнайтын. Өзімен жақынырақ танысқым келді. Оның айрықша ашық-жарқын мінезінің, көпшілдігінің арқасында бұл қиынға да соқпады. Солай басталған достығымыз студенттік жылдары нығайып, оның өнегелі және бәрімізді өкіндіріп, ерте үзілген өмірінің соңына дейін жалғасты», - деп ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жұрымбек Сыдықов өз естеліктерінде асқан жылылықпен жазды.

 

Институттағы кезінің өзінде-ақ ақылды, белсенді және болашағынан үмітті студент көрнекті қазақ геологы Қаныш Сәтбаевтің назарына ілінді. Бүгінде Шахмардан Есенов 1949 жылы жас тау-кен инженерін әлемдегі ең ірі мыс өндіретін және мыс қорытатын өндіріс орындарының бірі орналасқан өңірге заманауи тау-кен кешенінің негізін салған Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясына жіберген Қаныш Сәтбаевтің ең дарынды, табысты және сүйікті шәкірттерінің бірі болып саналады. 

 

Ш. Есенов алғашында Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясының аға геологы, бас геологы, соңынан бас инженері болып қызметтер атқарды. Шахмардан Есеновтің бастамасы бойынша 50-ші жылдары Жезқазған кен торабының ірі масштабтағы болжамды геологиялық картасы жасалып, онда бұған дейін белгілі болған кен алаңдарының шегінен әлдеқайда алыстап кететін мыс, қорғасын және мырышға бай үмітті алаңдардың шекаралары анық көрсетілді. Соның арқасында Жезқазғанның белгілі қорларын бірден 3-4 есеге ұлғайту пікірі пайда болды. Ш. Есеновтің бастамасымен бұрғылау жұмыстарының көлемі шұғыл артып, сонымен қатар бұрғылау техникасы да 5 есеге көбейтілді. Бұл өзі шығынның көптігіне байланысты өте тәуекелді қадам еді. Алайда осы шешімді Қ. Сатбаевтің басшылығындағы ҚазКСР Ғылым академиясы және ҚазКСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі қолдап шықты. Қолданылған 100-ден астам бұрғылау агрегаттары Ш. Есенов бастаған геологтардың болжамдарын таңғажайып дәлдікпен растап, 60-шы жылдардың басында-ақ Жезқазғандағы кен қоры 2,5 есеге ұлғайды және одан әрі көбейе берді.

 

Ш. Есенов басқаратын экспедиция екі бірдей ірі – Жанай және Айдос жер асты ауыз сулары теңізін ашып, игеруге кірісті. Соның арқасында Жезқазған аймағының тұрғындары қазіргі күнге дейін үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ, Ш. Есенов 60-шы жылдары Жыланды тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарышошақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас т.б. мыс кен орындарының қорын бағалағаны және барлағаны үшін де алғаш ашушы дипломдарын алды. Шахмардан Есенов мыс, асбест, марганец, полиметалл, никель, кобальт, темір, құрылыс материалдары және ауыз судың қорын іздестірумен және оларды бағалау ісімен табысты айналысты. Ол қолданған бағалау және барлау әдістемесі сол кездегі белгіленген нормалар мен нұсқаулықтарға жиі қайшы келетін, алайда уақыттан талай ұтып, орасан зор экономикалық тиімділіктер әкелетін.

 

Қызметтік сатылардың барлық баспалдақтарынан өткен Ш. Есенов 1960 жылы ҚазКСР Геология министрінің орынбасары, бір жылдан соң ҚазКСР Геология министрі болды. 33 жасында министр атанған ол КСРО тарихындағы ең жас министр болды. Төрт жылдан кейін, 1965 жылы Ш. Есенов ҚазКСР Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, республиканың ауыр өнеркәсіп саласына, мемлекет үшін ең маңызды өндірістер үшін шикізат базасын дамытуға басшылық етті. 1967 жылы Ш. Есеновті ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Төрағасы, сондай-ақ ҚазКСР Ғылым академиясының академигі етіп сайлады. Сол жылы ҚазКСР Ғылым академиясының президенті және сонымен бір мезгілде ҚазКСР ҒА Геология ғылымдары институтының директоры болды.

1974 жылы ол қайтадан ҚазКСР Геология министрі болып тағайындалды. Ал 1978 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ политехникалық институтының кафедрасын басқарды.

 

Шахмардан Есенов Қаныш Сәтбаев және Евней Букетовтердің қатарындағы қазақтың ең көрнекті ғалымдарының бірі саналады. Жемісті қызметінің және оның белсенді қатысуының арқасында бүгінге дейін ірі табиғи ресурстар (мұнай, газ, мыс және т.б) қоры болып отырған – Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы және т.б. кен орындары ашылды және тиісінше қазіргі таңда Қазақстан экономикасының негізін құраушы өндірістік кешендер құрылды. Әріптестерінің еске алуынша, кезінде атақты кеңестік мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, кеңестік ядролық қару жасау жобасы жетекшілерінің бірі Ефим Славский өзінің Социалистік Еңбек Ері атақтарының кемінде біреуі  Маңғыстау облыстық мұнай-газ кен орындарын ашқаны және аймақтың даму негізін қалағаны үшін Шахмардан Есеновке тиесілі деген көрінеді. Шахмардан Есенов және оның әріптестері ашқан Өзен және Жетібай кен орындарының қоры шамамен 1,5 миллиард тонна мұнайға бағаланған. Геологтар Ш. Есенов басшылығында Маңғыстау облысындағы мұнай мен газ қорын барлау мен іздеуді бастаған кезде қазіргі Ақтау қаласы Актауский деп аталған шағын ғана кент болатын. Бүгінде қаладағы 36 ықшам аудандарда 200 мыңдай тұрғын бар. Тұтастай алғанда облысты 570 мыңдай халық қоныс еткен болса, оларға негізгі жұмысты іргесін кезінде Ш. Есенов басшылығындағы геологтар қалап кеткен мұнай-газ өнеркәсібі ұсынып отыр.

 

1995 Шахмардан Есенұлы Есенов есімін мәңгі есте сақтау мақсатында ҚР Министрлер кабинетінің қаулысымен Ақтау политехникалық институты Ш. Есенов атындағы Ақтау политехникалық институты болып өзгертілді. Содан бері Маңғыстау облысының бас жоғары оқу орны ұлы геологтың есімімен аталып келеді. 

 

Анықтама

Геолог күні – геологтардың, гирдрогеологтардың, инженер-геологтрадың, геофизиктердің, және геохимиктердің сәуірдің бірінші жексенбісінде атап өтетін (2013 ж. 7 сәуір) кәсіби мейрамы. Бұл күн СССР-дің Жоғары кеңесінің Төреалқасының қаулысымен 1966 ж. 31 наурызында кеңестік геологтардың мемлекеттің минералды-шикізат базасын құрған еңбегі үшін белгіленді.  Мерекенің өту уақыты - сәуірдің бірінші жексенбісі болып белгілену себебі - қыстың аяқталуы жазғы дала жұмыстарының және экспедициялардың бастамасының нышаны болатын. Геолог күні бұрынғы Кеңестік Одақтың геологиялық және өндіруші ұйымдарында әлі күнге дейін атап өтіліп келуде. Геологтардан басқа, гидрогеологтар, инженер-геологтар, маркшейдерлер, геофизиктер, жарушылар, шахта үңгірлеушілер және пайдалы кендерді іздеумен және табумен айналысатын басқа да адамдар оны өздерінің кәсіби мерекесі деп санайды.

 

Гүлсім ЖҮНҮСОВА, Алматы

«Литер» газетасы, 06.04.2013